2026 жылғы 20 мамырда №2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің базасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтарға арналған «Жаңа толқын – жаңа көзқарас» атты қалалық театрлар семинар-фестивалі жоғары деңгейде өтті. Семинардың мақсаты — құқық бұзушылықтың алдын алу құралы ретінде білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту, тәрбие жұмысының заманауи әдістерін дәріптеу және театр өнерінің тәрбиелік рөлін көрсету болды.
Семинар барысында колледж директоры Б.Ч. Дуанабаева «Білім алушылардың театрландырылған қызметі колледждегі құқық бұзушылықтың алдын алу факторы ретінде» тақырыбында мазмұнды презентация жасап, театр білім алушылардың тұлғалық қалыптасуына, олардың әлеуметтік бейімделуіне және өмірлік құндылықтарының орнығуына тигізетін әсері туралы айтып берді.
Фестиваль аясында колледжде жұмыс істейтін үш театрдың шығармашылық жетістіктері таныстырылды.
Колледждің алғашқы театры — «Форум театр». Бұл театрдың құрылғанына 5 жыл болды. Осы уақыт ішінде оның қатысушылары әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда: «Буллинг», «Любовь+», «Махаббат па?», «Жалғыздың үні шықпас», «Точка выбора» спектакльдерін сахналады. Қойылымдар арқылы көрермендерге жастардың өзекті мәселелері: буллинг, өзара қарым-қатынас мәдениеті, өмірлік таңдау және психологиялық қиындықтар көрсетілді.
Екінші театр — «Дем». Өз қызметін осыдан 4 жыл бұрын «Әпке» драмасын қоюдан бастаған. Кейіннен шығармашылық ұжым «Шәмші Қалдаяқов», «Гаухартас», «Тақиялы періште» спектакльдерін көрермен назарына ұсынды.
Үшінші театр — осыдан 3 жыл бұрын құрылған ағылшын тілді «Bright Stage» театры. Осы уақыт ішінде ұжым әлемдік әдебиеттің «Джейн Эйр», «Клара Цеткин», «Гордость и предубеждение», «Маленький принц» сияқты туындыларын сахналады. Театрдың жұмысы білім алушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ олардың шығармашылық және тілдік құзыреттіліктерін дамытуға ықпал етеді.
Семинар-фестиваль барысында қатысушылар театрландырылған қойылымдардан ерекше әсер алып, тәжірибе алмасу аясында театр қызметінің тәрбие жұмысындағы маңызды рөлін атап өтті. Іс-шара соңында қатысушылар жастарға тәрбие беруде мұндай шығармашылық жобалардың маңызы зор екенін ерекше атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

